Жабық киімді жау санасаң, жалаңаштық кеп, төріңде қол ұрғызады – Мұхамеджан Тазабек
Мұхамеджан Тазабек жазба жариялап, көпшілікті ойландырып қойды.
Діндар Мұхамеджан Тазабек жабық киімді жау санау қате екенін ескертіп, желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол нәпсі туралы сөз қозғап, пендешілікке салынбауды алға тартты.
"Шайтан да, нәпсі де адам баласы үшін сынақ. Шайтан - ата жау, нәпсі қолданар құралы. Алла әр нәрсені хикметпен жаратқан. Пенде үшін негізгі проблема олар емес. Негізгі проблема - Алладан алыстау,
Оның панасынан шығып қалу. Алла сақтамаса, быламыққа тіс сынады, тау арқалаған тасқа сүрінеді…
Алла пана болса, қырық жыл қырғыннан да аман шығасың. Алланың назары түссе, өзің күнәдан тиылып, сөзің ізгілікке бұйырып, жаратылысқа зияның тимей, Жаратқанға иіліп өтесің…», - деп жазды ол.
Мұхамеджан Тазабек көпшілікті біреуді кінәлаудан аулақ болуыға шақырды.
«Аллаңды ойламасаң, азғырушы кеп досыңа айналады…
Денсаулығың сыр берсе, өтіп бара жатқан өкпек жел, кетіп бара жатқан кесел де сені іздеп табады…
Тыныштықты қадірлемесең, ырың-жырың іргеңнен кетпей қояды…
Жабық киімді жау санасаң, жалаңаштық кеп, төріңде қол ұрғызады…
Тұлғаңды ардақ тұтпасаң, тұғырсыздар кеп көшіңнің тізгінін ұстайды…
Ешкімді кінәлап, ешкімге ренжудің қажеті жоқ.
Есігің ашық тұрса, көршіңді ұры тұтқаннан не пайда, қазаннан қақпақ кетсе, итті қуалағаннан не пайда, үлкенде үлгі, кішіде ұят азайса, келіп кеткен шоуларды кіналағаннан не пайда?!
“Жын да бейімдіні ұрады..!” (мақал)" деп жазды Мұхамеджан Тазабек.