Қоғам

«Ағашқа асылып қалған»: Таразда 15 жастағы жасөспірім үйінің ауласында өлі табылды

Қарындасымен ұрсысып қалған жаөспірім өзіне қол жұмсады.

Таразда 15 жастағы жасөспірім өз үйінің ауласында өлі табылды. Ол ағашқа асылып қалған, деп жазады  KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімнің мұндай қадамға баруына туған қарындасымен болған жанжал себеп болуы мүмкін. Ол қарындасымен ұялы телефондағы ойын үшін ұрсысып, оны ұрып жіберген. Қарындасы анасына шағымданатынын айтып қорқытқан.

HALYQSTAN тілшісінің анықтауынша, марқұм Тараздағы №27 мектептің оқушысы болған. Отбасы толық емес. Анасы жұмыссыз, ал әкесі ажырасқан соң бөлек тұрады. Отбасында марқұмнан бөлек тағы үш кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатыр. Жасөспірім үйдің тұңғыш баласы болған.

Куәгерлердің айтуынша, біраз уақыттан кейін қыз бала ағасын үйдің ауласындағы ағашқа асылып тұрған жерінен тауып, жедел жәрдем шақырған.

Тағы бір нұсқа бойынша, жасөспірім өзіне қол жұмсағысы келмеген. Тек қарындасын қорқытпақшы болған. Алайда бәрі қайғылы аяқталған.

Қазір аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК 105-бабы (“Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу”) бойынша қозғалды.