Қоғам

«Үй жинауға тазалықшы керек деп шақырған»: Шымкентте 26 жастағы келіншектің азаппен өлтірілген денесі қоқыстан табылды

Шымкентте әйелді үй жинауға шақырып, оны өлтіріп, денесін қоқысқа лақтырып жіберген.

Шымкентте қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваның денесі адам танымастай күйде болған. Он күн бойы далада жатып қалған мәйітті құрт басып кеткен екен. Ал 24 жерінен пышақталып, азаппен ажал құшты деген 26 жастағы келіншекті көшедегі жұмысшылар тапқан екен. Қаралы отбасы екі баланың анасын жұма күні жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

Диананың жақындарымен кездескен еді. Он тәулік бойы із-түссіз кеткен қыздарын тоқтаусыз іздеген Оңғарбаевтардың соңғы үміті өшті. Өйткені әлпештеп өсірген тұңғыштарын қаскөйлер азаптап өлтірген. Алдымен зорлап, кейін денесінің сау-тамтығын қалдырмай пышақтаған тастаған дейді. 26 жастағы келіншектің бар жазығы, маңдай-терімен істеген жұмысының ақысын сұрағаны еді деп отыр.

«Үй жинауға тазалықшы керек деп шақырған. Күндік жұмыс. Бұл қыз сол адреске барған. Сөйтсе ол бала оны алдын ала жоспарлаған болып тұр ғой. Жігіт айтқан екен "Үйді тазалап болғаннан кейін ақшаны мамам салады. Мамамды күтіп отырмын" деп қызды жібермей ұстап отырған екен. Әпкем Диана мамасына өзінің телефонымен хабарласқан кезде жігіт пышақтап үлгерген», - дейді марқұмның сіңілісі Айдана Оңғарбаева.

Қара жамылған отбасы полицияның іздеуге дер кезінде кіріспегеніне де күйінеді. Олар Диана жоғалған 21 шілде күні-ақ арызданғанын айтады. Алайда құзырлы орган өкілдері араға бір апта салып барып бірақ тіркепті. Оның өзінде мәйітті полицейлер емес, қоқысты алып кететін жұмысшылар 31 шілдеде көріп, хабарлаған.

«Понедельник күні барамын. 21-нен 28-іне дейін ешқандай нәтиже жоқ қой. Не қыз бар, не жоқ. Сонда сол кісілер не істеп жүрді?» ...Сонда айтқан жауап сөздері күйеу балаңыз жазған жоқ дейді...Арыз жазып алып қалмаған. Іздеуге де кіріспеген. Понедельник күні жазамын, 28-і күні жазамын. Болғасын олар өзіме айтады»...уайымдамаңыз екі күнде тауып берем деді. Ол қыз тірі деді. Қайда тірі қыз?!», - дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.

Туыстары күдіктіні де полицияға өздері тауып бергендерін айтады. Ал Диана соңғы рет құрбысына ақша жіберуін сұрап өзін жұмысқа шақырған 16 жастағы жеткіншектің нөмірін жолдаған екен. Бірақ хаттаманы жазым болған қыздың өзі жазды дегенге жақындары сенбейді. Жантүршігерлік оқиғаға қатысы бар деген күдікпен полиция сол жігітті қамауға алды. Оның үстінен "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалды.

«Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді  Шымкент қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагельдиев.

Азаппен ажал құшқан Диананың жақындары бұл іске тағы үш адамның қатысы барына сенімді. Өйткені марқұмның ұялы телефонын сатуға екі адам барыпты. Айта кетейік, марқұмның артында 2 және 4 жастағы қыздары мен күйеуі қалды. Ерлі-зайыпты нәпақа табу үшін қалаға келген екен.