Қоғам

«Мен оның жұбайын танымаймын»: Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің соттағы мәлімдемесіне жауап берді

Рыслан Берденов күдіктінің отбасын және әйелін танымайтынын мәлімдеді.

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің сотта айтқандарына қатысты жауап берді, деп  хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Берденов сот отырысына денсаулығына байланысты қатыса алмайтынын, бірақ сот барысын жіті бақылап отырғанын айтты. Шенеунік күдіктінің сотта айтқандарымен келіспеді.

«Қазіргі уақытта денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына жеке қатысуыма мүмкіндік жоқ. Алайда, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын.

Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ.

Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын, - деп жазды ол.

Берденовтің айтуынша, күдіктінің қастандық жасауына қызметтегі қақтығыс  себеп болған. Ол Жиенбайдың отбасын танымайтынын жеткізді.

«Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім.

Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын.

Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын», - дейді Берденов.

Ол соңғы үш жылын қызмет ету жолына арнағанын алға тартты.