Маңғыстауда екі қызды құтқарып, өзі суға батып кеткен ер адамның отбасына пәтер берілді
Маңғыстауда суға батып кеткен бес балалы әкенің отбасына пәтер сыйлады.
Маңғыстауда екі қызды құтқарамын деп, өзі суға кеткен Ерлан Шонтабаевтың отбасына пәтер берілді. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Бүгін, 6 тамызда екі адамның өмірін құтқарып өзі суға кеткен Ерлан Шонтабаевтың отбасына Ақтау қаласынан жаңа үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Қоныстануға дайын тұрған пәтер құрылыс компаниясының демеушілігімен берілді. Сонымен қатар демеушілердің есебінен марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсетілді", - делінген әкімдік таратқан мәліметте.
26 шілде күні Ерлан Шонтабаев Ақтау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан шомылуға арналмаған жағажайда суға батып бара жатқан екі қызды аман алып қалған.
Сондай-ақ өзімен бірге көмекке ұмтылған тағы бір азаматты құтқаруға тырысқан сәтте, қатты толқынның салдарынан өзі суға батып кеткен.