Басты жаңалықтар

Мектепке дайындық: Мемлекеттен қандай және қалай көмек алуға болатынын біле жүріңіз

Кімдер арнайы көмек ала алатынын біле жүріңіз.

Жаңа оқу жылының басталуы ата-аналар үшін қаржылық шығынның артатын кезі. Бір баланы мектепке толық жабдықтау – мектеп формасы, аяқ киімі, сөмкесі, кеңсе тауарлары, көркем еңбек заттары, барлығын есептесеңіз кем дегенде 70 мың теңгеге шығады. Ал бұл сома әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін үлкен салмақ болуы мүмкін.

Осыны ескере отырып, мемлекет жыл сайын қолдауға мұқтаж санаттағы оқушыларға арнап қаржылай және заттай көмек көрсетеді. Бұл көмек «Мектепке жол» республикалық акциясы, бюджеттік қаржыландыру, жергілікті әкімдіктердің гранттары мен демеушілердің көмегі арқылы жүзеге асады.

Көмек кімдерге беріледі?

Мемлекеттік және демеушілік көмек келесі санаттағы балаларға көрсетіледі:

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасылардың балалары

Жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар

Төтенше жағдайға тап болған, қиын өмірлік жағдайда қалған отбасылар

Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар

Мүгедек балалар

Көпбалалы отбасылардың балалары (жергілікті ережеге байланысты)

Қанша ақша беріледі?

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, көмек мөлшері күнкөріс минимумынан кем болмауы тиіс. 2025 жылғы маусымдағы көрсеткіштер:

Республика бойынша орташа – 58 655 теңге

Астана – 58 874 теңге

Алматы – 58 202 теңге

Шымкент – 54 569 теңге

Маңғыстау облысы (ең жоғары) – 63 744 теңге

Дегенмен нақты сома әр аймақтағы мәслихат шешімімен бекітіледі. Өткен жылы орташа есеппен бір балаға 43 400 теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Кейбір өңірлерде бұл көмекті заттай (мектеп формасы, кеңсе тауарлары) түрінде де береді.

Қайда жүгіну керек?

Бірінші, мемлекеттік көмек (бюджеттен бөлінетін қаржы):

egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе жұмыспен қамту орталығына бару керек. Сондай-ақ мектептің әлеуметтік педагогына жүгіну арқылы.

Екінші «Мектепке жол» акциясы бойынша демеушілік көмектерге жүгінуге болады. Ол үшін, бала оқитын мектепке тікелей өтініш беру немесе www.atamekenim.kz сайтына кіріп «Мектепке жол» платформасын таңдау, «Өтініш беру» бөліміне кіріп, анкета толтыру керек.

Бұл сайтта өтініш жыл бойы қабылданады, яғни көмекке зәру отбасы кез келген уақытта тіркеле алады. Жүйе өтініштерді Ұлттық білім беру деректер базасымен тексеріп, көмек нақты мұқтаждарға бағытталады.

Қандай құжаттар қажет?

АӘК алушылар үшін қосымша құжат қажет емес. Тек өтінішті egov.kz немесе ЖҚО арқылы беру жеткілікті.

Қалған санаттар үшін:

Отбасы табысы туралы анықтама;

Жан басына шаққан табыс күнкөріс минимумынан төмен екенін дәлелдейтін құжат;

Жетім балалар үшін – патронат/қамқоршылық шешімі;

ТЖ-ға ұшырағандар үшін – комиссия хаттамасы;

Мүгедектік немесе басқа әлеуметтік мәртебені растайтын құжаттар;

Ақшаны қалай алады және қайда жұмсау керек?

Көмек сомасы ата-ананың банк картасына аударылады. Бірақ бұл қаражатты тек мақсатты түрде жұмсау міндетті:

Мектеп формасына

Аяқ киімге

Кеңсе заттарына

Кейін бұл қаражаттың жұмсалғанын дәлелдеу қажет.

Ол үшін түбіртек пен сатып алынған заттарды көрсетіп фотоесеп беру керек.

Бұл дәлелдерді 10 жұмыс күні ішінде мектепке ұсыну қажет.

Басқа мақсатқа жұмсалған қаражат – мақсатсыз шығын болып есептеліп, заң бұзушылық саналады.

Қандай жағдайда көмек берілмейді?

Жалған ақпарат не құжат ұсынғандар, Отбасы табысы күнкөріс деңгейінен жоғары екені анықталса, Материалдық жағдайы қанағаттанарлық, бірақ құжатсыз дәлелдеуге тырысқандар

«Әлеуметтік әмиян» арқылы көмек алуға бола ма?

eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі әзірге тек ақшалай емес көмектерді (мысалы, азық-түлік, жеңілдікпен жол жүру) қолдайды. Мектепке арналған қаржылай көмек бұл жүйе арқылы төленбейді.

Мектепке баланы дайындауға арналған қаржы – көп отбасы үшін маңызды мәселе. Бірақ мемлекет тарапынан, жергілікті биліктен және демеушілерден нақты көмек көздері бар. Ең бастысы жағдайыңызды нақтылап, құжаттарды уақытылы жинап, жүйелі түрде өтініш беріңіз.

Мемлекеттік қолдау – әр бала мектепке баруға лайық деген ұстанымға негізделеді. Сондықтан сіздің балаңыз да бұл қолдаудан шет қалмауы тиіс.