"Халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын: Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтады
Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын", - деді Президент.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
"Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында", - деді Президент.