Түркияда 6,1 баллдық жер сілкінісі болды: ғимараттар қирады
Түркияда жер сілкінісі болып, бір адам қаза тапты.
Түркияның солтүстік-батысындағы Балыкесир провинциясында жексенбі күні магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі болды. Бұл туралы елдің Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 19:53-те тіркелді. Эпицентрі Сындыргы қаласының маңында, 11 шақырым тереңдікте болған.
Жер сілкінісі Измир, Кютахия, Ялова, Ыстамбұл, Маниса, Ушак, Айдын, Эскишехир, Сакарья және Текирдаг қалаларында сезілді. Сындыргыда бір ғимарат қирады.
Ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, Балыкесир провинциясындағы Сындыргы қаласында бір ғимарат қирап, кемінде 24-і зақымданған.
Кейін ведомство өкілдері Балыкесирдегі қираған ғимараттың астында қалған барлық тұрғындардың құтқарылғанын мәлімдеді.
Табиғи апаттар басқармасының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін 20 афтершок тіркелген, оның бесеуінің магнитудасы 4-тен жоғары болған.
Жер сілкінісі Ыстамбұлда да сезіліп, көптеген тұрғындар үйлерінен шығып, саябақтар мен ашық алаңдарға жиналды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге қолдау білдіріп, жер сілкінісінен кейін алғашқы минуттардан бастап барлық тиісті қызметтердің жұмысқа кіріскенін хабарлады.