Қоғам

Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: Павлодар облысында екінші ұшқышты туыстары жер қойнына тапсырды

Сорбұлақта құлаған тікұшақтың екінші ұшқыш Бахтияр Ержігітов Павлодар облысында жерленді.

Павлодар облысында Сорбұлаққа құлған тікұшақта болған екінші ұшқыш Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл хабарды облыс әкімі Асайын Байханов телеграм-арнасында жазды. Әскери қызметкер Бахтияр Ержігітов отбасының жалғыз ұлы болған. 

“Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды”, – делінген облыс әкімінің жазбасында. 

Еске салсақ, 25 шілдеде қорғаныс министрлігіне тиесілі ЕС-145 әскери тікұшағы Алматы облысында із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Кейінірек тікұшақ бөлшектері Сорбұлақ су қоймасы аумағынан табылды. Ұшақ бортында Бақтияр Ержігітов, Нұржігіт Үсенбаев және Аман Амангелді болған.

9 тамызда 14 метр тереңдіктен Нұржігіт Үсенбаевтың денесі табылған. Бір күннен кейін, 10 тамызда Бақтияр Ержігітовтің денесі де су қоймасынан табылған. Тікұшақта болған үшінші әскери қызметкер Аман Амангелді әлі табылған жоқ.