ҚМБД мұсылманның байлықта өмір сүруі сөкеттік пе деген сұраққа жауап берді
ҚМБД мұсылманның бай болуына тыйым салынбағанын және оның сынақ екенін айтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман адамның зәулім үйде тұрып, шалқып-тасып өмір сүруіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Дін өкілдері ислам байлықтың тек бір топ адамның ғана қолында шоғырлануына қарсы екенін айтады.
“Бұл – әділетсіздік. Алайда дінімізде адамның дәулетті болуы сөкеттік саналмайды. Шариғатқа сай, адамның дүние-мүлкі мен байлығы – оның адал еңбегінің жемісі болса, онда ол азаматтың зәулім үй мен қымбат көлік сатып алуына тыйым салынбаған”, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері.
Бірақ тапқан-таянғанын, байлығын елге көрсетіп, мақтану – мұсылманға жат қылық дейді олар. Нағыз мұсылман мұқтаждарға қол ұшын созып, зекет беріп, қайырымдылықпен айналысуы қажет. Сондай-ақ дін өкілдері байлықтың адамға берілген сынақ екенін ескертеді. Өйткені ертең сол байлығы мен дәулеті үшін міндетті түрде жауап береді.