Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты: анасы оқиғаның қалай болғанын айтты
Балқашта ер адам соққыға жыққан баланың анасы өз шындығымен бөлісті.
Балқашта ер адамнан таяқ жеген сегіз жасар баланың анасы оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Немолчи қорына сілтеме жасап.
Мадина Маратовна 8 жасар ұлын әкесінің туыстарына қонаққа жіберген. Алайда 1 тамызда бұрынғы күйеуінің әпкесі оған ұлы төрт жасар қызын зорлағысы келгенін айтып хабарласқан. Ал қыздың әкесі телефонда айқайлап, ұлын өлтіретінін айтқан.
«Анасы келсе, баланың басынан қан кетіп, жаралар болған. Жылай-жылай көзі ісіп кеткен. Денесі көгерген, күйік және контузия болды, қолы сынған, оған қоса ішінде бөгде зат жұтқызған», – деп жазды Немолчи қоры.
Бұған дейін бала демалысқа Балқашқа атасының үйіне барып жүрген көрінеді. Бірақ мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмаған.
«Мадина агрессия мен қысымның кесірінен 2018 жылы ажырасып кеткен. Күйеуі оны тауып алып, зорлықпен қайтадан Балқашқа алып кеткен кездер де болыпты. Мадинамен ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуі адам ұрлау, ұрлық және бопсалауға қатысты аса ауыр қылмыс жасап, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Содан кейін анасы ұлын жазда атасына жіберуге келісім беріпті. Өйткені атасы немересін көргісі келеді, оған қаржылай көмектесіп тұрады және жақсы қарайды екен. Бірақ бала атасымен ғана емес, әр үйде әртүрлі туыстарымен тұрған”, – дейді қор.
Айтуынша, 1 тамыз күні бала ауруханаға жеткізіліп, оған гипс салынған. Сол күні анасы мен әжесі Балқашқа жеткенде, бала акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін тәтесінің үйінде болған. Еденде жатқан баласын көрген анасы бірден полицияға хабарласқар. Олар келмеген соң бірден өзі барған. Сол жерден бала ауруханаға жеткізілген. 2 тамызда анасы мен баласын полиция бөлімшесіне шақыртып, сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жауап алған.
“Балаға адвокат берілмеді, соңында психолог келіп, жай ғана қағаздарға қол қойды. Олар балаға қысым көрсетіп, бөлім басшысы кәмелетке толмаған баланың барлық негізгі құқықтарын бұзып, бір сағаттан астам баланы жеке-жеке тергеген. Анасы жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды, қан қысымы көтеріліп, станцияда құлап қалды. Жауап алудан кейін бала кабинеттен әбден күйзеліп, шошып кеткен”, – деді Немолчи қорының өкілі.
Анасы баламен бірге Балқаш ауруханасына жатқызылған. Мекеме қызметкерлері Алмастың отбасымен таныс екенін, онда оның жақын туыстары жұмыс істейтінін айтқан. Сөйтіп 6 тамызда анасы мен баласы басқа ауруханаға жатқызылды.