Басты жаңалықтар

«Ол түсініксіз ағымда»: әкесі «кәлиманы» қайтала деп ұлын ұрған жағдай бойынша әйел бар шындығын айтты

Әйел: Қабырғам сынып, өлердей таяқ жеген кезімде де Орал қаласы полициясы арызымды қарамады

KYN.KZ  редакциясына хабарласқан келіншек бүкіл халықты шулатқан басынан өткен жағдайдың қалай?, қашан?, не себепті болғанын? толық баяндап берді.

«Мен бұл ер адамға тұрмысқа шыққан кезімде ол тек намазын оқып жүрген кәдімгі қарапайым адам болды. Тұрмысқа шығып, жүкті кезімде ол кісі тарапынан түрлі қысымдар мен мінезіндегі өзгерістерді байқадым. Ол менің түсінгенім бойынша «Деобанд» деген бір топ па, ұйым ба бірдеңеде болды. Сөздерінен түсінгенім олардың ұстанымында әйілді ер адам өлтірсе де болады дегенді аңғардым. Содан бастап қорқынышым күшейді. Балама аяғым ауыр кезде қатты күйзелісте болдым. Жүктіліктің 7 айлығында менде угроза болды. Сол сәтте жалынып тұрып больницаға апаруын өтіндім. Әрең дегенде жеткенде больницада ер адам гинеколог болып шықты. Күйеуім мені жұлқылап «ер адам сені қарауға болмайды» деп әкетіп қалды. Жаным қиналып тұрса да үйде әйелдерден естігенімді жасап, әрең өзіме келгенім есімде. Содан  аман-сау, денсаулығы дұрыс баланы дүниеге әкелгенмін.»,-дейді әйел.

Ал Қазақстан халқын шошытқан аудио бала 1 жасар кезінде болған  екен. Әйел араға төрт жыл салып басынан өткен жағдайды баяндап отыр екен.

«Ол кезде ұлым 1 жаста еді. Мен ас бөлмеде жұмыс істеп жүргенмін. Күйеуім ұлын алып, қонақ бөлмеде телефонмен сөйлесіп отырды. Бір кезде дауысы қатты шығып, бала жылай бастады. Телефонның видеосын қостым да қастарына бардым. Оған дейін күйеуім мені де ұрып, қысымда ұстап, мінезі өте нашарлап қиналып жүрген кезім еді.  Ұлым шаңсорғыштың дауысынан қоқатын. Әкесі соны үйретемін деп ойлайды ма екен, бір бөлмеге қамап, шаңсорғышты қосып қоятын.  Тарап кеткен аудиодағы жағдай болған күні әкесі балаға өз айтқанын қайталатқызуға тырысып жатты. 1 жасар бала «папа», «мама», «каша» деген сияқты сөздерді айтып жүрген. Әкесінің айтқандарын қайталамаған соң ол ашуға мініп, кәдімгідей шу шығарды. Мен баланы «Ол кішкентай әлі, қинамашы» деп көтеріп әкете бергенім сол еді, шашымнан тартып құлатты. Ер адаммен төбелескендей мені сабап тастады. Қабырғам сынып, бірталай жарақат алып, талып қалыппын. Тұрсам ешқандай үн жоқ. Қарасам ұлым құлаған жерінде жылап-жылап ұйықтап қалыпты. Күйеуім телефонымды тығып кетіпті. Әрең тауып алдым да жедел жәрдем шақырдым. Орал қаласындағы травматология бөлімінде ем алдым. Содан әрі қарай Кризис орталығына жайғастық. Сол сәттен бастап сөйлеп жүрген ұлым мүлде сөйлемей қалды»,-дейді әйел.

Ал әбден таяқталған жас ананың арызын учаскелік полиция да  алмаған.

«Мен арыз жазып берейін деп учаскелік инспекторға өзім хабарластым. «Неге меннен арыз алмайсыздар?» деп сұрадым. Ол келіншек «Сіз бәрібір арыз жазатын хәлде емессіз ғой» деп тұтқаны қоя салды. Күйеуім бұған дейін сотта істеген. Сол жерде тамыр-таныстықпен ешкім мені елемеген сыңайлы. Ақыры қоймай отырып дәрігерлердің көзінше арыз жаздым. Ешкім хабарласпайды. Ақырында хабарласып сұрадым. «Менің арызым не болды? Неге маған хабарласпайсыздар?» деп едім «Ол іс жабылып кеткен» деді. Содан әбден үсті басым көгеріп Таразға өз жұртыма келдім. Оның алдында күйеуімнен кетіп қалайын десем әкем қатерлі ісікпен ауырып жүрген. Ол кісі сол сәтте қайтыс болды. Аза тұтып жүргенде баламдағы өзгерістерді байқадым. Әрекетімді жасайын деп Ташкент, Қырғызстан ем іздеп кеттім. Содан балам көптеген қымбат, үзбей алған емнің арқасында қазір түсінігі бар, 1-2 жасар баланың деңгейінде сөйлейді. Ойын жеткізе алмағандықтан ашуланып, ызаланып кетеді»,-деді 5 жасар баланың анасы.

Діншіл күйеуінен қорлық көрген келіншек сол бойы отбасына оралмаған. Тіпті баланың ата-әжесі, туыстары іздемеген де екен.

«Бұл жағдайды көтеру себебім, жақында ұлымның әкесін сотқа бердім. Алимант өндіру мақсатында. Енем де, күйеуім де «қатын өз аяғымен кетті, енді керек емес» деген ұйғарымға келіпті.  Сол себепті төрт жыл бойы хабарласпаған екен. Мен қайтып баруға да ниетті емеспін. Тек осыншалықты қорланғаныма ызам келіп, заң бойынша жазаланса екен деймін. Әрі қымбат емді қажет ететін ұлыма алимент төлеткім келеді. Осы жақында бір әйел хабарласып, күйеуімнің есімін атап «Мен сол адамның әйелімін, саған талақ берді» деп айтты. Бұл мәселе бұлай жабылып қалмауы керек деп ойлаймын. Өйткені қысымда, «күйеуімнің разылығын аламын. Қайтсем де шыдайын» деп жүрген кезіндегі мен сияқты әйелдер өте көп. Соларға сабақ болса екен деймін. Ұлым үш жасқа толғанда дәрігерлер ЗПР,ЗРР, СДВГ, балалар аутизмі деген нақты диагноз қойды. 7 жасына дейін мүгедектік берді. Басында тамыры қысылып тұр дейді. Мен қазір пәтерде тұрамын, маған баламды емдетуге көп қаражат керек. Сол себепті де әкесін алиментке міндеттегім келіп тұр»,-деді әйел.