«Мектеп формасын алып тастау»: ата-аналар петицияға қол жинап жатыр
Мектеп формасының қымбаттауына ата-аналар наразылық білдірді.
Ата-аналар міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинауды бастады. Әзірге оған қол қойған тек 156 адам. Киімнің жыл сайын қымбаттауы отбасы бюджетіне ауыртпалық түсіріп жатыр дейді олар әрі баланың киіну үлгісі оның оқу үлгеріміне әсер етпейді деген уәж айтқан. Ал баға шынымен айтарлықтай өскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арансының жаңалықтарына сілтеме жасап.
Екі баланың анасы Әлия Тұяқбаева мектеп формасының қымбаттағанына қапалы. Оның ойынша, балалары оқитын мектептің әкімшілігі ата-аналарға форманы тек белгілі бір дүкеннен алуды міндеттеген. Бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Биыл ұлы мен қызын толық киіндіруге 130 мың теңгеден астам қаражат жұмсаған.
«Аяқ киім мен жейдені қоспағанда, екі балаға формаға 130 мың теңге жұмсадым. Ұл балаға – жилет, шалбар, костюм, қыз балаға – белдемше, сарафан және шалбар алдық. Мектеп басшылығы бәрін белгілі бір дүкеннен сатып алуды міндеттеді. Оқу жылының соңында жиналыс өткізіп, алдын ала дайындалу керек екенін айтты және кіреберістегі тақтаға келесі жылғы форма үлгісін іліп қойды. Менің ойымша, еркін стильдегі форма қажет емес, тек түсін белгілеу жеткілікті», - дейді Әлия Тұяқбаева.
Алматы дүкендерінде қыздарға арналған блузка мен ұлдарға арналған жейденің бағасы 5 мың теңгеден басталады. Ал толық жиынтық — костюм мен жейде немесе белдемше мен жейде ата-аналарға орта есеппен 35 мың теңгеге шығады екен. Сатушылардың айтуынша, жыл сайын мектеп формасының құны шамамен 10-15 пайызға қымбаттайды.
Кейбір ата-аналар мектеп формасының бағасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек деп санайды. Әрі баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екеніне сенімді. Сондықтан оқушыға өз қалауындағы киіммен баруға еркіндік беру қажет деп қол жинауда бастап та кеткен. Әзірге петиция 156 ғана қол жинапты. Қазір бірқатар жекеменшік мектептер өздерінің арнайы формасын енгізсе, мемлекеттік білім ордаларында ғана бірыңғай үлгі сақталып отыр. Алайда саудагерлердің айтуынша, бұл жағдай сатылымға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Өйткені форма міндетті болғандықтан, ата-аналар бәрібір сатып алуға мәжбүр.
«Сұраныс азайды деп айта алмаймын. Тек сауда арналары өзгерді. Қазір көптеген маркетплейстер, ыңғайлырақ сату жолдары пайда болды. Бұл офлайн бизнесті біраз әлсіретті. Бірақ жалпы нарықтың кішірейіп жатыр деп айтпас едім. Ал менің ойымша, стандартты форма сақталуы керек, яғни, ақ көйлек пен төменгі қара бөлігі», - децді саудагер Юрий Ким.
Жауапты министрлік те әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюі тиіс деп санайды. Біркелкі киім үлгісі оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, балалардың назарын білім алуға шоғырландыруға ықпал етеді сенеді олар
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында міндетті мектеп формасына қатысты барлық қажет құқықтық негіздер бекітілген. Әрбір мектеп сол талаптың аясында жұмыс істеуге тиіс. Оқушылардың мектеп формасы классикалық үлгіде және бірыңғай түстік гаммада сақталуы керек. Барлық оқушының біркелкі іскерлік, оқу атмосферасын қалыптастыруға көмектеседі. Оқушылар бір-бірінің сәні мен сыртқы келбетіне емес, тек білім алуға көңіл бөле алады. Сонымен қатар мектеп формасы оқушылар арасындағы теңдікті нығайтады. Бұл буллинг пен балалардың бір-бірін күлкі ету жағдайын азайтады», - дейді ҚР Білім министрлігінің ресми өкілі
Мереке Амангелдіқызы.
Сондықтан петициядан ештеңе н өнбейтін сыңайлы. Дегенмен қажетті қол жиналса, жауапты органдар оны қарауға міндетті. Әзірге ата-аналарға қымбат болса да, биылғы оқу жылына қамданудан басқа амалы жоқ.