Қазақстанда доллар 600 теңгеге дейін жетуі мүмкін
Сарапшылар доллар тағы көтерілетінін айтты.
Доллар тағы қымбаттауы мүмкін. Сарапшылар аз-маз емес, 600 теңгеге дейін шарықтайды деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ "Астана" арнасы. сайтына сілтеме жасап.
"Бұрын біз долларды қалай сақтап тұратынбыз? Трасферттерді бөлу арқылы доллар бағасы сақталып тұратын. Ал қазір үкіметке тікелей тапсырма берілгеннен кейін долларды ұстап тұрудың немесе құнын көтерудің факторлары азайған уақытта доллар қымбаттайды. Үш валютада сақтауымыз керек. 30 пайызын міндетті түрде өзіміздің теңгемен. Ал қалған 30 пайызын доллармен, қалған 30 пайызын юаньмен немесе евромен сақтауға болады", - деп кеңес берді экономист Бауыржан Ысқақ.
Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған экономиканы дамытудың үш сценарийін қарастырғаны есте. Сонымен, базалық сценарий бойынша доллардың бағамы 470 теңге, оптимистік жағдайда – 440, пессимистік жағдайда 500 теңге деңгейінде көтеріледі деп болжанған. Уәде бойынша осыдан артық әрі аспауы керек еді. Бірақ қазіргі жағдайда баға межеден асып отыр.
"Ұлттық Банк биржалық және биржадан тыс валюта нарықтарындағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда айырбастау бағамының тұрақсыздандырушы ауытқуларына жол бермеу, шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қалпына келтіру, сондай-ақ валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға дайын", - дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі өкілдері.
Теңге алғаш айналымға енген жылы 1 доллардың құны шамамен 4 теңге 76 тиын еді. Содан бері доллар бағамы 100 есе шарықтады. Әсіресе 2015 жылдан бастап күн сайын өсуін бастады. Ал соңғы 4 жылда айтарлықтай құбылды. 2020 жылы 424 теңге көлемінде сатылса, 2021 жылғы орташа бағамы 427, 2022 жылы көктемде 480, 2023-те 429 теңге маңайында саудаланды. Биылғы көрсеткіш 500-ден асқан. Демек, келер жылы 600 теңге болады деген сөз жай сыбыс болмауы да мүмкін.