Спорт

«Жағдай өте ауыр...»: Шавкат Рахмоновтың бас бапкері оның қазіргі халі туралы айтты

Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайы белгілі болды.

UFC жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың бас бапкері Эдуард Базров жол апатынан кейін спортшының октагонға қайта оралуға дайындығы қалай екенін айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

«Шавкатқа қатысты жағдай бойынша нақты ештеңе айта алмаймын. Бір ғана нәрсені айта аламын – Шавкат жаттығу жасап жүр. Әрине, жағдай өте ауыр... Психологиялық тұрғыда да өзіңді жұмысқа бейімдеу қиын. Бірақ Шавкат – мінезді жігіт. Ол келеді, қолынан келгенше жаттығып жүр. Алдағыны болжап айта алмаймын. Мұндай жағдайда әр адам әртүрлі әрекет етуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайды айтып отырмын. Ол жаттығуын жалғастырып жатыр. Ал болашақты бір Алла ғана біледі», – деді бапкер.

Еске салсақ, 27 шілде күні Алматы – Екатеринбург трассасында жол апаты болып, екі әйел адам қаза тапқан еді. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, көліктердің бірін спортшының жұбайы Гүлайым Рахмонова жүргізген. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Гүлайым Рахмонованың іс бойынша куәгер мәртебесінде екенін нақтылады.