Қоғам

«Олар күліп, қарап тұрды»: Балқашқа демалуға барған апалы-сіңлі блогерлер суға батып кете жаздады

Балқашқа демалуға барған блогер қайық жүргізушілерінің кесірінен сіңлісі суға батып кете жаздағанын айтты.

Балқаш демалыс орнына барған блогер Аружан Мағзұм желіде басынан өткен келіңсіз оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сіңлілерімен бірге көлге шомылуға барған ол күтпеген жағдайға тап болған. Айтуынша, өздіремен таныспақ болған қайық жүргізушілерінің кесірінен сіңлісі суға батып кете жаздаған.  

“Біз отбасымызбен “Көктем” демалыс орнына демалуға келдік. Су аттракционы "Диванға" отырдық. Басқаларынан гөрі қауіпсіз болып көрінді. Біз қайыққа жақындағанда олар бізбен танысқысы келді. Біз бірден бас тарттық. “Диванға” отырғанда да арамызда жүзе алмайтындар барын ескерттік. Олар күліп, бізді ақырын ғана трюктар жасайтынына сендірді. Алайда бәрі керісінше болды. Құтқару жилетінен пайда болмады. Арамыздағы бір сіңлім суға батып кете жаздады. Есінен танып, тынысы тарылды. Сол кезде ғана катер жүргізушісі көмекке келді", – дейді Аружан Мағзұм.

Құтқарушылар келіп, оларды ауруханаға жеткізген. Блогер қайық жүргізушілерінің жазасыз қалмауын сұрайды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 8 тамызда болған. Сол күні оларға 24 жастағы Астана тұрғыны қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілгені жөнінде арызданған.

"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар барлық адамдар анықталып, жауап алынды. Болған жайттың барлық мән-жайын анықтау, құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды белгілеу және кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту үшін толық көлемде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Қарағанды облысы ПД мұндай азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заңбұзушылықтар болашақта да қатаң түрде тоқтатылатынын және барлық кінәлілер жазаланатынын атап өтті.