Қоғам

Руслан Берденов қаланың бас сәулетшісінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

Руслан Берденов қаланың бас сәулетшісі Арман Әбдешовке ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов қаланың бас сәулетші ұсталды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.  

Бұл туралы желідегі парақшасында жазып, сондай-ақ, өзі туралы тағы жалған ақпарат тарағанын атап өтті.

«Бүгін ұсталған Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын. Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдеменің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке барғанға дейін тағайындалған», - дейді Берденов.

Шенеунік БАҚ өкілдері мен канал авторларын ақпаратты жариялар алдында деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырды.

Айта кетсек, Telegram каналдарда 13 тамызда ҰҚК қызметкерлері қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовті ұстағаны туралы ақпарат жарияланды.

Әбдешов дәл сол күні кабинетінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Әкімдік пен құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.