Жамбыл облысында мұғалім өзін жұмыстан заңсыз шығарған мектептен 2,1 миллион теңге өтемақы өндіріп алды
Мұғалім өзін жұмыстан шығарып жіберген мектептен өтемақы өндіріп алды.
Жамбыл облысында мұғалім өзін жұмыстан шығарып жіберген мектептен сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Оны білім ордасының директоры қызметінен заңсыз босатқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Педагог 1991 жылдан бастап мектепте алдымен ұзартылған күн тобының тәрбиешісі, кейін тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 2024 жылдың желтоқсанында зейнеткерлік жасқа жеткен мұғалім оқу жылының соңына дейін жұмыс істеуге директордан рұқсат сұраған. Алайда өтініш ескерусіз қалып, директор педагогты жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойған.
Мұғалім сотқа жүгініп, өзін қызметке қайта тағайындауды, мәжбүрлі бос жүрген уақытына жалақы төлеуді және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етті.
Сот мектеп әкімшілігінің Еңбек кодексі, ұжымдық шарт және салалық келісім нормаларын бұзғанын анықтады.
Нәтижесінде Жуалы аудандық соты жұмыстан босату туралы бұйрықты жойып, әйелді қызметіне қайта тағайындап, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамырына дейінгі мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 2,1 миллион теңге төлеуді мектепке міндеттеді. Сонымен қатар, мұғалімге моральдық зиян үшін 100 мың теңге және өкіл қызметі үшін 250 мың теңге өтемақы тағайындалды.
Мектеп директоры бұл шешімге шағымданғанымен, Жамбыл облыстық соты оны өзгеріссіз қалдырды.