Қоғам

Жамбыл облысында ер адам үйінің ауласында жүкті әйелін бауыздап өлтірді

Тұрмыстық-жанжал кезінде ер адам әйелін жүктілігіне қарамастан өлтіріп тастады.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қордай ауданы Масаншы ауылының тұрғынына қатысты өзінің жүкті әйелін қатыгездікпен өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Liter.kz сайтына сілтеме жасап.

Сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы (кінәлі адамға жүкті екені белгілі әйелді өлтіру) бойынша кінәлі деп таныды.

2024 жылдың тамыз айында Қордай ауданы Масаншы ауылында, үйдің ауласында, айыпталушы мен оның жұбайы арасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар негізінде жанжал туындаған. Жанжал барысында айыпталушы, әйелінің жүкті екенін біле тұра, оның мойнына өткір затпен өлімге әкелетін жарақат салған.

“Алған дене жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапты. Айыпталушының кінәсі оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және басқа да заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Айыпталушы Ш. өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тарап – марқұмның туыстары соттан қатаң жаза тағайындауды сұрады, азаматтық талап қойылған жоқ”, – деп хабарлайды сот.

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын танып, ауырлататын мән-жайларды анықтамады.

Сот үкімімен Ш. ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.