Басты жаңалықтар

Семей қаласындағы көлік жүретін екі ірі көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді

Семей қаласында «Ескі көпір» атауымен белгілі автогуж көпірінде жөндеу жұмыстары басталды.

Семейдегі халыққа «ескі көпір» атауымен белгілі автожүк көпіріне толықтай асфальт төселеді. Бұл туралы облыс басшысы Берік Уәли қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралау барысында айтты. Жөндеу жұмыстары осы аптаның соңында басталмақ.

— Апта соңында асфальт жабындысын ауыстыру жұмыстарын бастау қажет. Қала тұрғындары бұған түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз. Бір аптаның ішінде аяқтауды тапсырамын. Кіреберіс жолдарын қоса алғанда 1 шақырымға жуық жерге, қалыңдығы 6 сантиметрлік асфальт төселетін болады. Осылайша, қаламыздағы екі көпір де толық жаңарады, – деді облыс әкімі.

Осыған дейін Семейдегі аспалы көпірдің жолы мен айналма жолдың асфальт жабындысы толық ауыстырылған болатын. Ескі көпірдегі жұмыстар аяқталғанда облыс орталығындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығы арта түспек.

Аймақ басшысы Берік Уәли ескі автожүк көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылыс барысымен де танысты. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған маңызды инфрақұрылымдық жоба. Ұзындығы 810 метрге жуық, ал ені 21,5 метр болатын көпірдің құрылысы 2022 жылы басталған. 2022-2024 жылдары жобаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бөлінген. Ал биыл республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге қарастырылып, оның 5,5 млрд теңгесі игерілген. Қазіргі уақытта көпірге орнатылатын 9 тіректің алтауы дайын. Сондай-ақ 9 мың тонна металл конструкцияның 2,5 мың тоннасы құрастырылған. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша 19 млрд теңге қажет.

Биыл өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін ҚХР Төрағасы аймақ елдеріне қайтарымсыз грант берілетінін атап өткен болатын. Облыс басшылығы аталған көпірдің құрылысына грант есебінен қаржы тарту жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдаған болатын. Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді.

Құрылыс алаңында бүгінде 15 техника мен 120 жұмысшы екі ауысыммен жұмыс істеуде. Нысанды 2026 жылғы тамыз айында толықтай аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі мердігер мекемеге жыл соңына дейін көпірдің бірінші кезеңін аяқтап, көлік қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Ал асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын келесі жылдың көктемінен бастау қажет екенін атап өтті.

Берік Уәли нысандағы құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.