Семей қаласында мектеп құрылыстарының барысы тексерілді
Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев көшпелі жиын өткізіп, Шығыс және Водный кенттерінде салынып жатқан мектептердің инженерлік желілерінің құрылыс барысын бақылады
Шығыс кентіндегі 300 орындық мектепке инженерлік желілер тартылуда: электрмен жабдықтау – 5 635 метр, байланыс желілері – 2 864 м, су құбыры – 2 507 м. Мектептің құрылысы биыл басталған.
Водный кентіндегі 600 орындық жаңа үлгідегі үш қабатты №52 мектепке 10 кВ кернеулі 5 000 м электр кабелі төселуде. Мектеп 2025–2026 оқу жылында пайдалануға берілмек. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы аясында Абай облысындағы үшінші, Семей қаласындағы екінші білім ордасы.
Сонымен қатар, Бекжан Бапышев №40 орта мектебіне барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бұған дейін оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп аумағын қоршау жөнінде тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар жалғасып жатыр.
Жаңа білім ошақтарының уақытылы әрі сапалы салынуы – аймақтың әлеуметтік дамуына, балалардың жайлы жағдайда оқып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Семейде жүргізіліп жатқан бұл ауқымды жұмыстар – келешек ұрпаққа жасалған маңызды қадам.