Трамп Путинмен кездесуден кейін сұхбат берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада Владимир Путинмен кездесуінің қорытындысы бойынша Fox News телеарнасына сұхбат берді — Ақ үй басшысы ресейлік әріптесімен келіссөздерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Америка көшбасшысы келісімге келе алмағанымен, Путинмен кездесуін 10-ның ішінде 10-ға бағалайтынын айтты.
"Кездесу 10-ға бағалауға тұрарлық болды, өте жақсы тіл табысқанымыз тұрғысынан. Екі алып елдің, әсіресе бұл елдер ядролық мемлекеттер болса, тіл табысқаны жақсы", - деп түсіндірді Трамп.
Америка президенті сондай-ақ қосымша санкциялар енгізуден бас тартатынын айтты.
Бұған қоса Трамп оқ жаудыруды тоқтату бойынша келіссөздер үшін жауапкершілікті Украина президенті Владимир Зеленскийге жүктейтінін мәлімдеді.
"Енді бәрі президент Зеленскийге байланысты. Президент Зеленский, президент Путин және мен болып, үшеуіміз кездесеміз деп ойлаймын", - деді Ақ үй басшысы.
Трамп сондай-ақ Украинадағы соғыс территорияларды айырбастау әрі АҚШ-тың кейбір тұрғыда қауіпсіздік кепілдіктер беруі нәтижесінде аяқталады деген ресейлік әріптесінің пікірімен келіскенін айтты.
"Менің ойымша, бұл біз талқылаған және негізінен келісімге келген мәселелер", - деп жауап берді ол жүргізушінің сұрағына.
Трамп Путинмен келіссөздер барысында үлкен прогреске қол жеткізілгенін тағы да атап өтті.
"Менің ойымша, біз аяғына жетуге жақынбыз", - деді ол.
Америка президенті сондай-ақ Украина лидері Владимир Зеленскийге келісімге келуге кеңес берді.
"Келісімге келу керек", - деп түйіндеді Трамп.
Еске салсақ, екі лидердің кездесуі Анкоридже қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында өтті. Көшбасшылардың кішігірім құрамдағы келіссөздері "үшке-үш" форматында өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылды.
Бұдан кейін президенттер БАҚ өкілдерімен кездесіп, Ресей президенті Аляскада Ақ үй басшысы Дональд Трамппен келіссөздерін қорытындылады – оның пікірінше, кездесу конструктивтік жағдайда өтті.
Ал Дональд Трамптың айтуынша, кездеу барысында мақсат орындалған жоқ, десе де оған жетуге жақсы мүмкіндіктер бар.
Ресей президенті болса, Трамппен кездесуден кейін Украина халқын бауырлас халық деп атады.
Сол арада Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайтынын мәлімдеді.