"Соғыс аяқталады": Вашингтонда Трамп пен Зеленский келіссөз жүргізді
Трамп Америка Украинаға қолдау көрсетуін тоқтатпайтынын айтты.
Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кездесуі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі CNN арнасына сілтеме жасап.
Трамп кездесу жақсы өтсе, алдағу уақытта үш жақты кездесу ұйымдастыратынын айтты. АҚШ президенті бұл соғыстың аяқталуын барлығы қалайтынын жеткізді.
"Бүгін бәрі жақсы өтсе, алдағы уақытта үш жақты кездесу ұйымдастыруымыз мүмкін. Бұл шиеленісті шешуге жақсы мүмкіндік болмақ. Соғыс аяқталады. Бірақ нақты қашан аяқталатынын айта алмаймын. Соғыстың аяқталғанын Зеленский де, Путин де қалайды. Меніңше, бұл соғыстан әлем де шаршады. Оны тоқтататын уақыт келген сияқты", - деді ол.
Сондай-ақ, Америка басшысы Украинаға қолдау көрсетуді тоқтатпайтынын мәлімдеді.
Владимир Зеленский де үш жақты кездесу ұйымдастыруға қарсы еместігін және соғысты тоқтату керек екенін айтты.
"Бізге бұл соғысты, Ресейді тоқтату керек. Бізге америкалық, еуропалық серіктестердің қолдауы қажет. Біз АҚШ-тың және президент Трамптың соғысты тоқтату үшін дипломатиялық әдіс табу шешімін қолдадық", - деді Украина президенті.