Әр балаға 15 728 теңге: Еңбек министрлігі көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін атады
Бала санына қарай берілетін жәрдемақы мөлшері көрсетілді.
Қазақстанда көпбалалы отбасыларға ағымдағы жылдың басынан бері 354 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кімнің қандай төлемдерді алуға құқығы бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерін құрайды.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Жәрдемақы ай сайын мынадай мөлшерде төленеді:
- "Күміс алқа" алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артқанын атап өтеміз", - делінген хабарламада.