Атырауда күйеуі 14 жыл бірге тұрған әйелін ұрып өлтірді
Әйелін өлтірген ер адам 12 жылға ғана сотталуы мүмкін.
Атырауда ер адам әйелін өлтіріп, артында екі қызын жетім қалдырды. Үлкені алтынышы сыныпқа баруы тиіс болса, кішісі екінші сыныпқа баруға дайындалып жүрген еді. Қазір балалар интернатқа орналастырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
39 жастағы Атырау тұрғыны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Күдікті – 14 жыл бірге тұрған күйеуі.
Қайғылы жағдайды марқұмның әпкесі Майра Садуақасова әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, Ләззат соңғы бес жыл бойы үнемі қорқынышта өмір сүріп, балалары үшін төзіп келген.
«Олар үшін бары да, нары да анасы еді. Бірақ соңғы бес жылда оның өмірі тозаққа айналды. Күйеуі Тимур жиі ішімдік ішіп, үнемі ұрып-соғатын. Ол балалары үшін шыдап, үндемей жүрді. Бүгін ол өмірден өтті. Қорғаушысы болуы тиіс күйеуі оны өлтірді», – деп жазды ол.
Өңірлік Полиция департаменті қылмыстың болғанын растады.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кешенді тергеу шаралары басталды», – деді Атырау облыстық ПД өкілдері.
Ер адамға сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталған болатын.