«Лүпіл басып, неше түрлі әрекеттер жасаған»: Руслан Берденовке оқ атқан сотталушының әкесі пікір білдірді
Ернар Жиембайдың әкесі үкімнен кейін пікір білдіріп, сот процесіне шағымын айтты.
Руслан Берденовке қастандық жасағаны үшін сотталған Ернар Жиенбайдың әкесі үкім жарияланғаннан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол тергеу мен сот процесіне шағымын айтты.
"Руслан Берденов шектен шықты. Менің келінім сыйлы әулеттен шыққан қыз. Ал Берденов оған желіде лүпіл басып, неше түрлі әрекеттер жасаған. Бұл жалған немесе жала деп ойламаңыздар. Шынымен болған нәрсе. Саяси қызметтегі адам "сен" деп сөйлейді. Ол ұлыма "шашың түсіп қалған, үстіңдегі киімің не?" деп айтқан", – деді ол.
Пралиевтің айтуынша, сот отырысында ұлынан әйеліне қатысты сөз қозғамауды сұраған.
"Мен ұлыма: "Келін туралы ештеңе айтпа, жанын жараламайық" деп өтіндім. Сондықтан көп нәрсе жария болмады. Бәрін "лүпілге" әкеп тіреп қойды. Бірақ басқа да дүниелер болды, оны айта алмаймын. Сот барысында дәлелденген кейбір фактілер БАҚ-та көрсетілмеді", – деді Пралиев.
Сонымен қатар, ол сот барысында маңызды айғақтардың ескерусіз қалғанын жеткізді.
Еске салсақ, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында Руслан Берденовке оқ атылып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бұл іс бойынша айыпталушы қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай.