Абай облысында жүргізуші ойнап жүрген балаларды қағып кетті: дәрігерлер екі баланы Астанаға алып кетті
Үржар ауданында жол көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың екеуі Астанада ем алатын болды.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) санитариялық авиация борты Абай облысында көлік қағып кеткен екі баланы жеткізу үшін Астана қаласына ұшып шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Науқастар Астана қаласындағы №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасына ем алады.
«Бортта балаларға медициналық көмек көрсету үшін ҰШМҮО реаниматологы Е.Шақан, Астана қаласының №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы Н. Жакипов және Ұлттық нейрохирургия орталығының (ҰНХО) нейрохирургы С. Сейтбеков дәрігерлер бригадасы құрамы қалыптастырылды», - делінген хабарламада.
Балалардың бірі – тоғыз жасар қыз Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д.Каримовтың бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалдырылды.