Елімізде қанша отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленетіні белгілі болды
Биыл 259,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Қазақстанда 1 тамыздағы жағдай бойынша 48,3 мың отбасындағы 259,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осы мақсатта жалпы сомасы 18,6 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған.
АӘК-тің басты мақсаты – отбасыларды қиын жағдайдан шығару. Ол үш бағытта жүзеге асады:
Табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға тоқсан сайын қаржылай төлем беру;
1-6 жас аралығындағы балаларға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем тағайындау;
Жұмысқа орналастыру, біліктілікті арттыру курстары мен гранттар беру арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
2025 жылдың 1 тамызына дейін мектеп жасына дейінгі 80,3 мың балаға жалпы 2,4 млрд теңге қосымша төлем берілді.
Азаматтар АӘК-ке өтінішті тұрғылықты жері бойынша тапсыра алады:
Мансап орталығы;
Ауыл округінің әкімінде;
Электрондық үкімет порталы (egov.kz).