Қоғам

“Баланы тамақ пен темекі әкелуге мәжбүрлеген”: Атырауда қараусыз қалған балалар ата-анасынан тартып алынды

Атырауда үйдегілер баланы темекі мен тамақ әкелмегені үшін үйге кіргізбей қойған.

Атырауда 14 жастағы жасөспірімнің көше кезіп жүрген видеосы пайда болды. Ол үйіне келе алмай қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Atyrau online Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Баланы ересектер тамақ пен темекі әкелуге мәжбүрлеп, онсыз үйге кіргізбеген.  Отбасында 14 жастағы бала мен үш жасар қыз өскен. Жергілікті тұрғындар анасының ішімдік ішетінін, ал әйелдің ағасы еш жерде жұмыс істемейтінін айтады.

Атырау облыстық полиция департаменті екі баланың да отбасынан тартып алынғанын растады.

"14 жастағы жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал оның үш жасар қарындасы сәбилер үйіне орналастырылды. Ата-анасы балаларға жауапкершіліксіз қарап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді", – деп хабарлады ведомство.

Полицияның айтуынша, бір жыл бұрын оларды ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.