Экономика

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамып келеді: биыл 455 МВт болатын 9 нысан іске қосылады

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласын белсенді дамытып, тұрақты энергетикалық трансформация бағытын күшейтіп келеді.

Бүгінде елімізде жалпы қуаты 3122 МВт болатын 156 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Өткен жылы ЖЭК арқылы өндірілген электр энергиясының көлемі 7,58 млрд кВт·сағатты құрап, жалпы өндірістің 6,43%-ын қамтыды.

2025 жылы жалпы қуаты 455 МВт болатын 9 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған. Оның үшеуі (90 МВт) қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Қазақстан шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда олардың инвестициялық жобалар портфелі шамамен 4,8 ГВт-ты құрайды. Жоспар бойынша 2035 жылға дейін елімізде кемінде 8,4 ГВт ЖЭК қуаты іске қосылады.
Сонымен қатар шағын көлемдегі электр өндіру саласы да дамып келеді. Нетто-тұтынушылар механизмі азаматтар мен бизнес өкілдеріне өздерінің күн немесе жел электр станцияларын қолданып, артық энергияны электр желісіне сатып, табыс табуға мүмкіндік береді. 2024 жылы мұндай келісімшарттардың саны 47-ден 103-ке жетті. Ал шағын нысандардың жалпы қуаты 6,2 МВт-қа дейін артты.
Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына жоспарлы түрде ілгерілеп, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып келеді. ЖЭК жобаларын жүзеге асыру — энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және заманауи «жасыл» экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.