Қарағанды облысында пойыз апатты жағдайда тоқтады: жолаушылар зардап шекті
Қарағанды облысында пойыз жүк көлігімен соқтығыса жаздады.
Жезқазған – Астана бағытында келе жатқан №107 жолаушылар пойызы апаттық жағдайда шұғыл тоқтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
24 тамызда сағат 21:38-де 12 шақырым жылдамдықпен келе жатқан машинист жолда тұрған жүк вагонын байқап, оған 300 метр қалғанда шұғыл тежегішті басқан.
“Қазақстан темір жолы” АҚ-ның мәліметінше, пойыз жүк вагонымен соғылып қала жаздаған. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ, бірнеше жолаушы жеңіл жарақат алды.
“Сағат 23:14-те пойыз орнынан қайта қозғалды. Теміржол инфрақұрылымы мен локомотивке зақым келген жоқ. Оқиғаның себебі тексеріліп жатыр. Жағдайды анықтау үшін оқиға орнына басқарма төрағасының орынбасары бастаған комиссия барды”, – деп мәлімдеді “Қазақстан темір жолы” АҚ.