Экономика

Қазақстанда қандай әлеуметтік төлемдер 10 процентке өсетіні айтылды

Үкіметтің бүгінгі отырысында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы мақұлданды.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, әлеуметтік салаға арналған қаржының көлемі 10 трлн 725 млрд теңгені құрайды.

"Мұнда әлеуметтік төлемдерді 10 пайызға индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың 288 мың адамға өсуі ескерілді", - деді Тәкиев.

Оның айтуынша, стипендияны көтеруге арналған шығыстар да жоспарланған. Жалпы, 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары биылғы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғаяды.

Айта кетері, бүгін үкіметте 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, сондай-ақ ел экономикасының он жылдық даму болжамы бекітілді.

Министрлер кабинеті алдағы он жылда экономика бірнеше жолмен дамуы мүмкін деп отыр.

Баламалы болжамға сәйкес, келесі жылы жалпы ішкі өнім 5,4 процент болса, 2030 жылға қарай 4,5 процентке дейін төмендейді. Ал 2035 жылға дейін біртіндеп 5,9 процент деңгейіне көтеріледі.

Базалық болжам бойынша алдағы он жылда жалпы ішкі өнімнің көлемі 4,5 процент болады. Ал бірқалыпты болжамға сәйкес, жалпы ішкі өнімнің деңгейі 4,1 процент маңайында болады.

Үкімет 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын қабылдады. Енді оны парламент қарастырады.

Үш жылдық болжамға сәйкес, 2026 жылы экспорт көлемі 77,1 млрд АҚШ доллар болса, 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін өседі. Ал импорт үш жылда 75,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

"Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0% аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% деңгейінде болады", - дейді вице-премьер Серік Жұманғарин.

Айта кетері, бұған дейін үкімет мүшелері қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляция да өсетінін айтқан. Ал жаңа Салық кодексі бойынша қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.