Қазақстандық балалардың есепшотына 235 мыңнан аса теңге көлемінде аударылды
Қазақстандық отбасыларға көптен күиткен қолдау көрсетілді.
Қазақстандық балалардың есепшотына бастапқы капиталдың алғашқы траншы – 235 920 теңге көлемінде аударылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл жолы 6 767 балаға қолдау көрсетілді. Жалпы төлем сомасы 1,6 млрд теңгені құрады.
Аталған қолдау «Келешек» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарламаның басты мақсаты – балалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және олардың болашағына қажетті жағдай жасау. Көптеген отбасылар үшін мұндай төлемдер үлкен көмек болып, жаңа мүмкіндіктер ашып, ертеңгі күнге сенім ұялатады.
«Бұл – біз үшін қуанышты жаңалық. Бастапқы капитал қазақстандық отбасыларға елеулі қолдау көрсетіп, балалардың өз бетінше өмір сүруге алғашқы қадам жасауына көмектеседі деп сенеміз», – делінген Отбасы банкінде.
Бағдарлама аясында қаражатты сақтап қалу үшін депозитке жыл сайынғы ең төменгі жарналар көзделген: көптеген отбасылар үшін – 24 АЕК (94 368 теңге), ал әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін – 12 АЕК (47 184 теңге). Егер бұл талаптар орындалмаса, қаражат бюджетке қайтарылуы мүмкін.
Айта кетсек, бұл – 2025 жылға арналған алғашқы транш қана. Екінші транш 2026 жылдың ақпан айында беріледі.