Қазақстанда ниқаб, паранжа кигендерге кейбір сауда орталығына кіруге тыйым салынды
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 қыркүйек, 2025
- 1.3k

Ниқаб пен паранжа кигендерге кейбір сауда орталығына кіруге тыйым салынды. Тіпті кіреберіске арнайы жапсырмалар да іліне бастаған. Бұл талап құқықты шектеу емес деп санайды сенаторлар. Керісінше, заңды әрі қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Өткен сессияда қоғамдық орындарда бетін толық жабуға тыйым салатын заң қабылданды. Бұл құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілген. Сауда орталығы – адам көп жиналатын орын. Сондықтан заңға қайшы емес. Кейін дау туғызғанша, алдын ала ескерткен дұрыс», - деді Сенат депутаты Марат Қожаев.
Алматыдағы сауда орталықтарында бет-әлпетін толық жауып тұратын киіммен кіруге тыйым салынған. Яғни ниқаб, паранжа сияқты бет‑келбетіңді жасыратын киім киіп кіруге рұқсат берілмейді. Депутаттар мұндай шараның барлық көпшілік орындарына да енгізілуін қолдайды. Арнайы заң талабы ұзақ талқылаудан соң қабылданған. Бұл соңғы жылдары қылмыстық істерде күдіктілердің бетін тұмшалап, жазадан жалтарып кету оқиғаларының алдын алуы үшін де енгізіліп отыр.