"Жеке үй, төрт пәтер және автокөлік": Қайрат пен анасының мүлкі аукционға қойылады
Перизат Қайрат пен анасының атындағы төрт пәтер, төрт қымбат көлік, бағалы әшекейлер мен брендтік бұйымдар аукционға шығарылмақ.
Қайырымдылыққа жиналған миллиардтарды жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның мүлкі сатылымға қойылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Аукционға төрт пәтер, төрт қымбат көлік, бағалы әшекейлер мен брендтік бұйымдар шығарылмақ. Түскен қаржы зардап шеккендердің шығынын өтеуге жұмсалады.
Өткен жылғы тасқын кезінде халықтың көмегіне жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланған Перизат Қайратқа сот 10 жыл, анасына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын. Жауапкерлердің адвокаты үкімге келіспей, апелляцияға жүгінетінін мәлімдегенімен, сотқа әзірге ешқандай шағым түспеген.
Сот процесі барысында Перизат Қайрат Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті де тергеуді сұраған. Алайда Қаржы мониторингі агенттігі бұл іске Байбектің қатысы жоқ екенін атап өтті.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, тергеу барысында қаражатты иемденген басқа адамдар анықталмаған.
«Бұл қаражат жеке үй, төрт пәтер және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Барлық мүлік Перизат Қайрат пен анасының атына тіркелген», — деді ол.