Елімізде пойыз жолаушылары да қол жүгінің артық салмағы үшін ақы төлеуге міндеттеледі
Пойыз жолаушыларына да талап қатаңдады.
Қазақстанда пойыз жолаушылары қол жүгінің артық салмағы үшін ақы төлеуге міндеттеледі. Енді вагонға кіргізілетін сөмкенің салмағы мен көлеміне шектеу қойылып отыр. Жүкті өлшеу міндетін жолсеріктер атқарады. Бұл жаңашылдық әзірге арнайы жүк салғыш орындары бар пойыздарда ғана іске қосылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алайда тұрғындар мұндай өзгерістен наразы. Олардың айтуынша, ауыр заттарды ұшақпен не таксимен тасу онсыз да қымбатқа түседі, енді пойызға да қосымша шығын шығайын деп тұр.
“Қазақстан темір жолы” бекіткен талаптарға сәйкес, “Тальго” вагондарына кірерде қол жүгінің салмағы 25 келіден, ал үш жақты көлемі (биіктігі, ұзындығы және ені) 150 сантиметрден аспауы тиіс.
Басқа вагондарда бұл шектеу сәл жеңілдетілген: салмағы 35 келіге дейін, көлемі 200 сантиметрден аспайтын жүктің кіргізілуіне рұқсат етіледі. Сонымен қатар жүкті жолсеріктерге сеніп тапсырып жіберуге қатаң тыйым салынған.
Жүк нормадан асқан жағдайда оны жолсеріктер өлшейді. Әр қосымша келі үшін жолаушылар 60 теңгеге дейін төлейді. Төлем көлемі жүрілген жол қашықтығына да байланысты есептеледі.
Егер жолаушы мен жолсерік арасында дау туындаса, қол жүкті таразымен тексеруді пойыз бастығы ұйымдастырады. Артық салмақ расталса, қосымша тариф бойынша төлем жасалады. Осыдан кейін ресми құжат рәсімделіп, жолаушы төлемді соған сәйкес төлейді. Жүк міндетті түрде жолаушы отырған пойызбен жөнелтіледі, – деп түсіндірді ҚР "Жолаушылар тасымалы" АҚ Баспасөз қызметінің PR-менеджері Сара Сахынбек Информбюро31-ге.
Жауапты мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдықтың мақсаты – вагон ішінде жолаушыларға қолайлылықты арттыру. Дегенмен тұрғындардың басым бөлігі қол жүгінің артық салмағына төлем енгізуге қарсы.
Қазіргі таңда артық жүк үшін ақы төлеу тек бірнеше бағытта ғана жүзеге асырылады, себебі барлық пойызда арнайы жүк салғыш орындар қарастырылмаған. Ал жүкті рәсімдеместен жолсерікке беріп жіберген жолаушылар әкімшілік жазаға тартылады. Мұндай жағдайға барған теміржол қызметкері жұмыстан босатылады.