Басты жаңалықтар

Барлық күмәнді әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек - Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов тиімсіз жәрдемақыларды алып тастау керектігін айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын 1 желтоқсанға дейін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі azattyq-ruhy сайтына сілтеме жасап.

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек»,- деді Бектенов Үкімет отырысында.

Айтуынша, президент те дәл осы мәселеге айрықша көңіл бөліп отыр. Ол үшін цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын терең енгізу арқылы экономиканың барлық саласындағы мемлекеттік қызметтерді бақылау мен мониторинг жүргізудің түбегейлі жаңа әдістері жасалуға тиіс.

Осыған байланысты премьер цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанындағы Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ мемлекеттік органдарға Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын тездетіп келісуді бұйырды.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет он бес жыл бойы масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты қолдап келгенін мәлімдеген.