Зейнетақы жинағын ерте шешіп алу тоқтатыла ма?: Жақыпова жауап берді
Министр зейнетақы жинағын ерте шешіп алуға қатысты сұраққа жауап берді.
Бүгін парламент мәжілісінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тілшілердің зейнетақы жинағына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Агенттіктің жазуынша, БАҚ өкілдері министрден: "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден артық қаражатты шешіп алуға тыйым салынуы мүмкін бе? Әлде, шекті мөлшердің деңгейі едәуір өсе ме?" - деп сұраған.
Өз кезегінде Светлана Жақыпова биылғы жолдауда мемлекет басшысы үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға қатысты тапсырма бергенін еске салған.
"Осы орайда министрлік алаңында сарапшылар тобы құрылды. Оның құрамында Ұлттық банк пен агенттік төрағаларының орынбасарлары, еліміздегі білікті сарапшылар енді. Талқылау барысында тиісті қадамдарды пысықтаймыз.
Сондықтан қазір БЖЗҚ-дан жинақты ерте шешіп алу тақырыбына, сондай-ақ тұжырымдамалық деректерге қатысты айту ерте. Себебі, осының бәрі сарапшалар тобында қаралады", - деді министр.