Тоқаевтың қоғамда шу шығаратын әйелдер туралы сөзі көпшіліктің талқысына түсті: Ақорда түсініктеме берді
Ақорда Тоқаевтың қоғамдағы кейбір әйелдер туралы айтқан сөзіне түсініктеме берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтқан «қоғамдық тәртіпті бұзушылар арасында әйелдер де бар» деген пікірі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Ақорда бұған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Ақорданың мәліметінше, президент әйелдерді айыптаған жоқ, керісінше қоғамда орын алатын келеңсіз жағдайлар туралы сөз еткен.
«Егер әдетте нәзіктік пен үйлесімділікті бейнелейтін әйелдер де жанжалдарға араласа бастаса, бұл мәдениеттің құлдырауының айқын белгісі. Бұл – айыптау емес, баршаға арналған үндеу. Жынысына, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр азаматты сыпайылыққа, өзара құрметке шақыру», – делінген түсіндірмеде.
Бұл жерде мемлекет басшысының негізгі ойы – қоғамда дөрекілік пен агрессияға жол бермей, этика мен өзара сыйластық мәдениетін қайта қалыптастыру. Сонымен қатар баспасөз қызметі Тоқаевтың әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса мән беріп келе жатқанын еске салды.