Денсаулық

Түркістан облысында 1 жасар баланың қолын еттартқыш шайнап тастады: бүлдіршінге ота жасалды

Түркістан облысында еттартқыш шайнап тастаған 1 жарым жасар баланың қолын дәрігерлер кесіп тастады.

Түркістан облысында дәрігерлер 1 жасар баланың қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болды. Себебі бала абайсызда оң қолын еттартқышқа салып алған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 7 қыркүйекте Төле би ауданы Көксәйек ауылында болған. Дәрігерлер оның бір өлімнен аман қалғанын айтады. Көп қан жоғалтқан бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

"Үйінде ата-анасы банка жауып жатқан кезде бала қолын еттартқышқа тығып алып, шайналып кеткен. Жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызып, ота жасап, балаға көмек көрсеттік. Қолын төменгі білекке дейін шайнап кеткен", - дейді травматолог дәрігер Ержан Шәріпов.

Дәрігерлердің айтуынша, бала жансақтау бөлімінен шығарылған, жағдайы орташа ауыр. Ота кезінде баланың оң қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болған.