Қоғам

«Парламент мінбері – құттықтау алаңы емес»: Назаровтың әрекеті қоғамда наразылық туғызды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтауы қоғамда үлкен сынға ұшырады.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың бүгінгі отырыста анасын туған күнімен құттықтауы қоғамда үлкен сынға ұшырады. Қоғам белсенділері мен танымал тұлғалар бұл әрекетті «абсурд», «регламентті бұзу» және «баланың ісі» деп бағалады.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбек:

«Ананы құрметтеу мен ұлықтаудың өз орны бар. Бірақ ол елдік мәселелер шешілетін Мәжіліс мінбері емес. Назаровтың әрекетіне тәртіптік комиссия шара қолдануы тиіс. Барлығымыз аналарымызды жақсы көреміз, алайда ресми мінберді жеке құттықтауға арнау – бассыздық», – деп мәлімдеді.

Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы да бұл әрекетті қатаң сынға алды:

«Парламенттің төрінде туған күн құттықтау айту – нонсенс! Ертең біреу сүйіктісін құттықтап шықпай ма? Бұл регламентті бұзу емес пе, Қошанов мырза? Мәжіліс – шоу жасайтын жер емес еді», – деді ол.

Ал белгілі журналист Гүлмира Әбіқай мінберді жеке бастың қуанышын жария ету үшін пайдалануды депутаттық этикаға қайшы деп бағалады:

«Парламент мінберін мерейтой сахнасына айналдыруға болмайды. Назаров округіндегі Талғар ауданы қылмыстан көз ашпай отыр. Шерзаттың қазасынан кейін де жағдай тұрақталған жоқ. Депутат халықтың мәселесін көтерудің орнына, мінберден құттықтау айтып кетті», – деді ол.

Әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқылануда. Пікір білдірушілердің көбі:

«Ел тағдырын шешетін жерде тойдағыдай құттықтау айту – ұят тірлік. Популизмге бой алдырған адамдар ғана өзін қай жерде қалай ұстауды білмейді», – деген пікірлер қалдыруда.

Қоғам белсенділері Назаровтың әрекетін «баланың ісі» деп атап, Мәжіліс регламентін қатаң сақтауды талап етуде.