Қоғам

«Аппақ жейдесі қан-жоса»: Астанадағы түнгі клубта 19 жастағы жігітті пышақтап кетті (ВИДЕО)

Астанадағы түнгі клубта төбелес кезінде жас жігіт кісі қолынан қаза тапты.

Астанадағы түнгі клубтардың бірінде 19 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты. Бірнеше күн бұрын Астанадағы түнгі клубтардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, қатысушылардың бірі 19 жастағы жігітті пышақтап тастаған. Марқұм оқиға орнында көз жұмды.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Марқұмның әпкесі Аружан Әбді Instagram-парақшасында оқиғаның видеосын жариялады. Марқұмның әпкесінің айтуынша, төбелес кезінде сол жерде полицейлер болған. Алайда олар қақтыңыстың алдын алмаған көрінеді.

"Қанішер інімнің жүрек тұсынан пышақ тыққаны көрініп тұр. Бұл кезде бір рет емес, екі рет. Інімнің аппақ жейдесі қан-жоса болады. Мына жерде тағы да, екінші рет соққы алады. Інімнің жүрегіне пышақ тығылса да, оның ана баланы ұрамын деп ұмтылғаны көрінеді. Інім ол кезде пышақталғанын білмей қалған. Оқиға кезінде клубта күзетшілер мен әкімшілер болған, бірақ ешқайсысы араласпады, қорғаған жоқ, қылмыстың алдын алмады. Олар қарап тұрып, өлімге соқтырған соққы жасалғанша ештеңе істемеді!", – дейді қыз.

Жас жігіт Астанада ауысыммен жұмыс істеп жүрген. Қазір қара жамылған отбасы істің әділ тергеліп, кінәлілердің жазаға тартылуын талап етіп жатыр.