Басты жаңалықтар

Ақтөбеге белгілі дәрігерді әріптесі өлтіріп, екі күн үйіндегі тоңазытқышта ұстаған

Әріптесін өлтіріп, оның денесін екі күн бойы жасырын ұстаған.

Елге белгілі дәрігердің өлі денесін әріптесі үйіндегі тоңазтқышта екі күн бойы сақтаған. Нефролог маманды өлтірген ақтөбелікке қатысты соттың алғашқы отырысында осындай адам шошытар жайттар айтылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қанды қылмыс осыдан төрт ай бұрын болған еді. 23 мамыр күні өңірге белгілі дәрігер Абай Айсағалиевтің хабар-ошарсыз кеткені айтылып, іздеу салынған. Біраз уақыттан соң дәрігердің қылмыс құрбанына айналғаны анықталды. Жауыздыққа 31 жастағы әріптесі барыпты. Айыптау актісіне сәйкес, күдікті дәрігердің есепшотында қомақты қаражат барын біліп, қылмысты алдын ала жоспарлаған. Алдымен ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, барлық банк қосымшаларының, картасының құпия кодын білген. Түнделетіп дәрігердің үйіне келіп, бірнеше рет пышақтап, балтамен ұрады. Кейін банк картасын, планшет, ноутбук пен екі iPhone-ды ұрлаған. Ақшаны банкоматтан шешу кезінде оны ешкім танымауы үшін маска киіп жүрген. Қолма-қол шешіп алған ақшасы 5 миллион теңгеден асады. Ал өлі денені мұздатқышта екі күн сақтап, кейін техникамен қоса құртпақшы болған.

«Шаймерденов, Айсагалиевтің мәйітін жасыру мақсатында, 2025 жылдың 27 мамыры күні шамамен сағат он жарымда OLX қосымшасы арқылы жүк тасымалдау қызметін тауып, жүргізушіге тоңазытқышты гараж кооперативіне апару керек екенін айтады. Ішінде ет бар деп түсіндірген. Жеткізуге ақшасын қолма-қол төлеген», - мемлекеттік айыптаушы
Гүлзира Көшербаева.