Абай облысында мектеп директоры "Damu Bala" арқылы қаржы жымқырып келген
"Damu Bala" арқылы қаржы жымқырып келген мектеп директоры қатысушы балалар туралы жалған ақпарат берген.
Абай облысында балалар шығармашылығын дамытуға арналған Damu Bala платформасы арқылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тергеу барысында “SAMGAU өнер және спорт мектебі” ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған ақпарат бергені анықталды. Ол ай сайын жалған есептер негізінде уәкілетті орган жұмыс істеп тұрған үйірмелерге қаржы аударып отырған.
"Осы есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге қаржы бөлініп отырған. Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенін білмеген. Мәселен бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында күдікті мемлекетке келтірілген 23 миллион теңге залалды толық өтеді. Сот үкімімен күдікті кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.