Қоғам

Алматы облысында оқушылар мінген автобус жеңіл көлікпен соқтығысты: екі адам қаза тапты

Алматы облысында оқушылар мінген автобус пен жеңіл көлік соқтығысты.

Алматы облысында мектеп оқушылары мінген автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы видео желіде тарады.

Алматы облысы полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, полиция "Сокол" саяжай қоғамдастығы аумағында Hyundai Accent көлігі мен жолаушылар автобусы жол-көлік оқиғасына тап болғанына байланысты қылмыстық іс қозғады.

Оқиға салдарынан көлік жүргізушісі оқиға орнында, ал қасындағы жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды.

"Алдын ала мәлімет бойынша, Hyundai Accent жүргізушісі кері бұрылу кезінде автобусқа жол бермей, онымен соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған бірқатар жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру барысы Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығының бақылауына алынды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.