Жамбыл облысында футбол ойынынан кейінгі төбелесте 10-сынып оқушысы қаза тапты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:30
- 1

Жамбыл облысында футбол матчынан кейін жоғарғы сынып оқушылары бір баланы соққыға жығып, салдарынан ол көз жұмды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі .
Оқиға 12 қыркүйекте Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында болды. Футбол ойнап жүрген 10-сынып пен 11-сынып оқушылары арасында жанжал туған. Ойында 10-сынып оқушылары жеңіске жетіп, бұл үлкендердің біріне ұнамай қалған.
11-сынып оқушыларының бірі кіші сыныптың оқушысын ұрып-соққан. Оқиға орнына келген дәрігерлер жасөспірімнің алған жарақаттарынан қаза тапқанын растады. Қалған қатысушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Оқиғаны тергеу үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция 17 және 16 жастағы екі жасөспірімді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Қазіргі уақытта істі толық, объективті және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажетті жедел-тергеу іс-шара жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.