Қоғам

"НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Черногориядан экстрадицияланбайтын болды

Дина Таңсәрі Черногориядан экстрадицияланбайтын болды.

"НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Смаилова) өзінің экстрадициясына байланысты Черногория сотының шешімі туралы жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, алғашқы және апелляциялық сот инстанцияларында істі қараған судьялардың әйел болуы — ерекше мәнге ие жағдай.

«Әйелдер үшін мұндай процестерде гендер факторының ескерілуі маңызды», – дейді ол.

Черногория соты шешімінде халықаралық нормаларға ғана емес, сонымен қатар Конституциялық соттың ұстанымдарына да сілтеме жасаған. Бірінші инстанцияның шешімі әуелі Бас прокуратураға, кейін апелляциялық сотқа жіберілген.

Экстрадициядан бас тартуға төрт негізгі фактор әсер еткен:

  • Қазақстан Бас прокуратурасы жіберген қылмыстық іс материалдарының күмәнді жағдайы. Құжатта арнайы «істің жағдайын ескере отырып» деген тұжырым бар.
  • Іс материалдарын сараптай келе, Черногория билігі бұл қудалаудың саяси астары бар деген қорытындыға келген.
  • Черногория Қазақстанға қайтарылған жағдайда Дина Таңсәрі азаптауға және қатыгездікке ұшырауы мүмкін деген қауіптің барын мойындады.
  • Құқық қорғаушы 2023 жылдың 12 қазанында саяси баспанаға өтініш берген. Ал қылмыстық іс соның төрт күнінен кейін, 16 қазанда, ШҚО-дағы адвокат Кабдиевтің арызы негізінде қозғалған. Қазақстан билігі экстрадицияны тек 2024 жылдың 4 мамырында сұраған. Яғни, саяси баспана статусы экстрадиция шешімінен бұрын берілген. Халықаралық заңнамаға сәйкес, бұл статус шешуші мәнге ие.

Дина Таңсәрі Қазақстан билігі істі асығыс дайындағанын айтады.

«Біздің қозғалыстарымыз бақыланды, саяси баспана сұрағанымыз белгілі болды, ал қайтару шаралары бірден қолға алынды. Каспи банк арқылы 7 200 донордың жеке деректері заңсыз түрде алынды, кейін тергеуде қысым жасалды», – дейді ол.