Басты жаңалықтар

Қазақстанда ең көп жалақы төленетін мамандықтар белгілі болды

Ең жоғары жалақы төленетін мамандық иелері анықталды.

Қазақстандағы ең көп жалақы төленетін мамандықтар болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы тамызда "Enbek.kz" электрондық еңбек биржасына (ЭЕБ) 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс іздеушілер тарапынан 138,5 мың түйіндеме орналастырылған. Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дегі бос орындар саны 128,9 пайызға (+135 мың) артқан, ал түйіндемелер саны 6,3 пайызға (-9,3 мың) азайды.

Бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру (120,7 мың), ақпарат және байланыс (17,4 мың), басқа да қызмет көрсету түрлері (17,1 мың), өңдеу өнеркәсібі (15 мың) саласына тиесілі. Бұл төрт сала тамыздағы жалпы сұраныстың 70 пайыздан астамын құраған. Айта кетсек, білім беру саласындағы әр бесінші бос жұмыс орны (18,5 пайыз) Астана және Алматы қалаларында орналастырылған.

Сұраныс құрылымында жоғары білікті кадрларға басымдық берілді – бұл санатқа 124,1 мың бос жұмыс орны немесе 52 пайыз сәйкес келеді. Жоғары білікті кадрларға арналған бос орындардың үштен екісі (81,6 мың) білім беру және тәрбие саласындағы мамандарға тиесілі. Орта білікті мамандарға сұраныс – 31 пайыз (75,2 мың), ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 17 пайыз (40,4 мың).

Бос жұмыс орындарының ең үлкен өсімі келесі өңірлерде тіркелді: Алматы облысы – +387,5 пайыз (20,3 мыңға дейін), Жамбыл облысы – +377,4 пайыз (15,9 мыңға дейін), Батыс Қазақстан облысы – +242,4 пайыз (12,3 мыңға дейін), Ақтөбе облысы – +198,4 пайыз (14,1 мыңға дейін) және Жетісу облысы – +182,7 пайыз (5,8 мыңға дейін).

Жалпы түйіндеме санының аздап төмендеуіне қарамастан, көптеген өңірде жұмыс ізденушілер белсенділігі артқан. Ең үлкен өсім Алматы облысында (+31,4 пайыз, 9,7 мыңға дейін), Алматыда (+30,4 пайыз, 11 мыңға дейін) және Түркістан облысында (+17 пайыз, 18 мыңға дейін) байқалды. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде белсенділіктің төмендеуі тіркелді: Шымкент қаласы (-50,2 пайыз, 9,7 мыңға дейін), Солтүстік Қазақстан облысы (-18,4 пайыз, 2,3 мыңға дейін) және Қарағанды облысы (-16,4 пайыз, 5,6 мыңға дейін).

Кәсіптер бойынша ең көп сұранысқа ие мамандықтар – PR-менеджерлер (16,3 мың бос орын), математика пәнінің мұғалімдері (7,6 мың) және тәрбиешілер (6,1 мың) болды. Орта білікті мамандар арасында – тәрбиеші көмекшілері (4,4 мың), күзетшілер (2,7 мың) және автокөлік жүргізушілері (2,6 мың) сұранысқа ие.

Ең жоғары жалақы күткен кандидаттар – техникалық директорлар (орташа 1,2 млн теңге), ұшқыштар (~1,2 млн тг) және коммерциялық директорлар (~1,1 млн тг). Бұл ретте тамызда жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар – кен өндіру саласындағы цех басшысы (шамамен 843,8 мың теңге), энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары (~733 мың теңге) және IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы (~718 мың теңге) лауазымдарына тиесілі.

Осылайша, 2025 жылғы тамызда ЭЕБ алаңында түйіндемелер санының қалыпты төмендеуімен жоғары білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың өскені байқалды. Бұл өсім жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру саласында орын алған маусымдық факторлармен, атап айтқанда, мұғалімдер (соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері), тәрбиешілер және олардың көмекшілері бойынша бос орындардың жаппай жариялануымен байланысты болды.