Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған әкімдік қызметкері жұмыстан шеттетілді
Алматы облысында екі әйел жасөспірім қызды қорлап, азаптаған.
Алматы облысы Масақ ауылдық округі әкімдігінің қызметкері 16 жастағы қызды қорлап, зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді. Осыдан кейін ол жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Алматы облысында бірі әкімдік қызметкері болған екі әйелдің 16 жастағы қызды үйінен алдап алып шығып, ұрлап кеткені белгілі болған.
Алматы облысының полиция департаменті бұл фактіні растады. Екі күдікті әйел де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызына зорлық-зомбылық көрсетуге қызғаныш себеп болған. Мәліметке сәйкес, әйелдер жасөспірімнің денесіне темекі басып, ұрып-соғып, өзен жағасына апарып, басын суға малып, кейін жуан таяқпен қызды қорлаған.
Әкімдік мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бері Масақ ауылдық округі әкімінің аппаратында компьютер операторы болып жұмыс істеген.
"Лауазымның мемлекеттік қызметке қатысы жоқ, ол – техникалық қызметкер. Әйел қазір қамауда отыр және сот шешімі шыққанға дейін жұмыстан уақытша шеттетілді", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап кеткен. Оған жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған болатын.