Астанада 35 жастағы ер адам тірі әке-шешесінің «жерлеу рәсіміне» деп әріптестерінен ақша жинап алған
"Жерлеу рәсіміне қаражат қажет" деген сылтаумен әріптестерінен ақша жинаған ер адам ұсталды.
Астанада полиция қызметкерлері алаяқтықпен айналысты деген 35 жастағы ер адамды қолға түсірді. Ол әріптестеріне жалған ақпарат айту арқылы олардың сеніміне кіріп, заңсыз пайда тапқан деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті әріптестеріне алдымен әкесі, кейіннен анасы "қайтыс болды" деп жалған ақпарат таратқан. "Жерлеу рәсіміне қаражат қажет" деген сылтаумен әріптестерінен ақша жинаған. Осылайша адамдардың жанашырлығы мен сеніміне кіріп, қаражат иеленіп отырған.
Тексеру барысында ер адамның ата-анасы аман-есен екені анықталған. Сонымен қатар полиция оның осындай тәсілмен кемінде 10 алаяқтық дерегіне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға өзара көмек пен жанашырлық сезімін қылмыстық мақсатта пайдалануға жол берілмейтінін ескертеді. Сондай-ақ күмәнді жағдайларда сақ болып, дереу полицияға хабарласу қажеттігін еске салады.